ХИМИЯНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАЛАРЫН ДАМЫТУДАҒЫ ЖӘНЕ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕГІ РӨЛІ ЖӘНЕ БАСҚА ҒЫЛЫМДАРМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Казахстан, Южно-Казахстанская область, г. Шымкент
Шымкентский аграрный колледж
преподаватель по химии
Курманбекова Индира Маратбековна
Химия өте ертеде қалыптасқан іргелі ғылым. ол физика, биология, география, т.б. ғылымдармен бірге табиғаттың материалдық бірлігін зерттейді.
Химия атом-молекулалық құрылымдардың құпияларын ашып, жаңа қосылыстарды алады, адамдарға киінуге, тамақтануға, тіршілік етуге көмектеседі, құрылыс және машина жасау өнеркәсібінде қолданылады.
Химия биология ғылымымен бірлесе отырып, тіршіліктің негізін құрайтын белок молекулаларының құпияларын ашып, адам денсаулығын нығайтуға, өмірін ұзартуға, жердің құнарлығын арттыруға, тағам молшылығын жасауға көмектеседі.
Ал химияның келешегіне ой жіберсек, қиял-ғажайыптай көрінері анық: сұранысқа сай материалдар; жасанды белок пен тағамдар; адамның қалыпты қызмет атқара алмайтын дене мүшелерін алмастыруға қажет материалдар, т.б.
ХИМИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ ДҮНИЕ ТАНЫМДЫҚ, ДИАЛЕКТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ
Материя қозғалысының химиялық формасы. Дүниеге көзқарас тудыратын білімді қорытындылаудың үш деңгейі бар: философиялық деңгей, жаратылыстану ғылымының деңгейі және жеке ғылымдық (мысалы, химиялық) деңгей. Осы деңгейлерге сәйкес дүниенің философиялық, жалпы ғылымдық және жеке ғылымдық (химиялық, физикалық, т,б.) бейнелері қалыптасады.
Көзқарасты қалыптастырудағы рөлі. Химия – жаратылысты зерттейтін ғылымдардың бірі. Жаратылыс дегеніміз – бізді айнала қоршаған материялық дүние. Материя әрдайым қозғалыста болады. Неміс философы Ф.Энгельс: «Химия дегеніміз – атомдар қозғалысы туралы ғылым, ол дененің сандық құрамының өзгеруінен болатын сапалық өзгерістерін зерттейді», — деп атап көрсеткен еді. Физика молекулалар қозғалысын зерттесе, химия атомдардан молекулалардың түзілуін қарастырады. Химия ғылымы қазіргі жаратылыстану ғылымдарының маңызды бір саласы ретінде материя қозғалысының химиялық формасын, анығырақ айтсақ химиялық процестердің заңдылықтарын зерттейді.
Материя қозғалысының химиялық түрі деп отырғанымыз – молекула ішіндегі атомдар қозғалысы әсерінен молекуланың сапалық өзгеруі. Оны іске асыратындар – электрондар, атомдар, молекулалар, макромолекулалар, иондар, радикалдар, т.б.
Материя қозғалысының химиялық формасын, химиялық айналуларды химиялық құбылыс немесе химиялық реакция деп атайды. Біздің айналамызда мұндай айналулар үздіксіз, тоқтаусыз жүріп жатады. Соның нәтижесінде, бір заттардан екінші заттар пайда болады, организмдер өседі, көбейеді, т.б.
Табиғатта болып жататын осындай өзгерістерді химия басқа да ғылым салаларымен бірлесе отырып, өзара тығыз байланыста зерттейді. Мысалы, химияда және басқа ғылымдарда физикалық заңдар мен әдістер кеңінен пайдаланылады, қазіргі физикалық жетістіктерді пайдаланбай химияның дамуы мүмкін емес. Дәл осылай химияның жетістіктерінсіз физика да, басқа да ғылым менөнеркәсіп салалары дами алмас еді. Басқаша айтсақ, химия математикамен, физикамен бірлесе отырып, күрделі биологиялық түзілістерді танып-білуге көмектеседі.
Химия – күрделі, көп қырлы, іргелі ғылым. Ол басқа да жаратылыстану ғылымдары сияқты дүниені материалистік тұрғыдан түсінуге, диалектикалық ойлауға негіз береді. Табиғаттың химиялық бейнесі дегеніміз – химиялық жалпы білімнің басқа пәндерден алған біліммен бірігуі, біртұтас ой-пікірге, сенімге айналуы.
Химияның негізгі заңдылықтары табиғатаың жалпы заңдылықтарымен үндесіп жатады. Мысалы, көмірсутектердің молекуласындағы әр түрлі байланыстардың түзілуіне сәйкес қаныққан және қанықпаған өосылыстар қасиеттеріндегі айырмашылықтардың болатынын білесіңдер. Бұл – сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысу заңын дәлелдесе, аминқышқылдары мен белоктардың екідайлы қасиеттерінің болуы – қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңын өрнектейді. Сондай-ақ алкандар мен арендер қасиеттеріндегі ұқсастық (орынбасу реакциясына қатысуы) терісті теріске шығару заңына бағынып, оралма бойынша дамуды көрсетеді. Ал табиғат дамуыныңқарапайымнан күрделіге өту заңдылығын сендер органикалық химияны оқу барысында кездестіресіңдер. Мысалы, қарапайым метаннан бастап, күрделі заттар – жоғары молекулалы қосылыстар химиясына дейін осы заңдылық бірте-бірте енгізіліп отырды.
Сендер химия пәнін оқи бастағаннан бері материалдың мазмұны мен теориялық деңгейіне және оның күрделеніуне байланысты дүниетанымның қалыптасуының екі кезеңінен өттіңдер. Бірінші кезеңде, бейорганикалық химия курсын өткенде, заттармен және химиялық реакциялармен байланысты жеке көзқарастар химиялық ұғымдар деңгейінде химиялық терминдер арқылы қалыптасты. Заттардың қасеттерісезім мүшелері арқылы білініп, құрамы мен құрылысына тәуелді болатынына көздерің жетті.
Заттың құрамы, құрылысы және қасиеттері химияның үш тірегі. Бүкіл химия бойынша зат туралы ілім осы үш негізгі тірекке сүйеніп дамиды. Өйткені олар заттарды ғылыми танудың бірінен кейін бірі келетін негізгі үш баспалдағы болып табылады.
Зат жөніндегі танымның даму процесі – әуелі зат қасиеттерін зерттеу зат құрамын анықтаудан басталып, әрі қарай қасите-құрам проблемасына келіп тіреледі. Оны түсіну үшін атом-молекулалық ілімге сүйеніп, құрам мен құрылыс арасындағы байланысты іздейміз, одан келіп құрылыс-қасиет проблемалары туындайды. Осы айтқандар диалектикалық тұрғыдан химиялық теориялық ойлау қызметін қалыптастырады.
Бұл сабақтастықты шешудің химик-органиктер заттарды зерттеудің молекулалық деңгейінде жүзеге асырса, Д.И.Менделеев заттар қасиеттерін зерттеуді ьанымның тереңірек деңгейі, яғни олардың атомдық деңгейінде шешуді алға қойды. Ол кезде құрылысы әлі ашылмағандықтан, Д.И.Менделеев химиялық элементтердің белгілі қасиеттерінің арасындағы байланысты ашты. Бұл ғылыми жаңалық – атом құрамын, соңынан құрылысын зерттеуге жол ашты. Осылайша құрам, құрылыс және қасиет ұғымдары химиялық элементтер мен олардың қосылыстарын зерттейтін химияның ғана емес, атом және оның ядросына дейін тереңдеп енетін физиканың дамуына да жол ашты. Қазір физика ғылымының дамуы жөніндегі ертеректе қалыптасқан түсініктерді жетілдіре отырып, элементаралық бөлшектер әлеміне тереңдеп ену үстінде.
Екінші кезеңде, органикалық химияны оқу барысында, сендер органикалық заттардың сан алуандығы олардың электрондық және кеңістіктегі құрылысына тәуелді екені, заттардың түзілуі, реакциялары, қасиеттері жалпы заңдылықтарға бағынатыны, ешқандай «тіршілік күшінің» (витализм) жоқ екені жөнінде түсінік алдыңдар. Осылайша өлі табиғат пен тірі табиғаттың бірлігіне көз жеткізіп, химия мен биология арасындағы пәнаралық байланыстың мәніне түсіне бастадыңдар.
Органиклық химиядағы көміртек қосылыстарының күрделену процесі арқылы химияның органикалық табиғатты зерттейтін биология ғылымымен байланысы ашылады. Сондықтан химиялық білімсіз қазіргі әлемнің биологиялық бейнесін түсіну мүмкін емес.
Органикалық химия өсімдік, жануар және адам организмдерін құрайтын заттар, ол заттардың бейорганикалық заттардан түзілуі, организмдердің тіршілік негізіне жататын заттардың айналулары жөнінде түсінік қалыптастырады.
Органикалық химияны оқи отырып, зат табиғатына тереңірек үңілу, яғни молекулада атомдар орналасуының кеңістіктік бейнесін, химиялық байланыстардың электрондық табиғатын оқу арқылы атомдар мен молекулаларда жүретін материалдық процестерді, микроәлемдегі объективті заңдылықтарды, химиялық айналулардың мәнін түсіндіңдер. Бұл жағдай органикалық химияның ғылымидүниетанымды қалыптастыруға ерекше маңызы бар екенін көрсетеді. Осы арқылы табиғаттағы заттардың көп түрлі болу себебі – бейорганикалық және органикалық дүниенің материалдық бірлігі, заттар айналуларының өздеріне тән заңдылықтар арқылы іске асатыны түсіндіріледі.
Басқа ғылымдар сияқты органикалық химия да табиғаттың сырын түсіндіріп қана қоймай, адамның оны қоғамның қажетіне жаратуына мүмкіндік береді.
Осылайша әрбір химиялық ұғымдиалектикалық ұғым ретінде қарастырылады. Диалектика табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын қарастыратындықтан, химия саласындағы айналулар мен даму осы заңдылықтарға бағынатыны нақтылы мысалдардан көрінеді. Химиялық ұғымдар мен қалыптасқан дүниетаным философиялық ұғымдар дәрежесіне дейін көтеріледі.
Ғылым айналамыздағы ақиқат дүниені түсіндіріп қана қоймайды, оны адамның игілігіне сай өзгертіп, өндіруші күшке айналуда.
Жаратылыстану пәндерінің бірі ретінде химия – қоғам, табиғат және ондағы адамның орны туралы ғылыми көзқарасты қалыптастырады.
Зат – материяның нақтылы формасы, ал реакция – материя қозғалысының химиялық формасы.
Химия заттарды және олардың сапалық айналуларын зерттей отырып, табиғаттың химиялық бейнесін түсінуге көмектеседі.
ХИМИЯНЫҢ ӨНДІРІСТЕГІ, ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ ЖӘНЕ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕГІ МАҢЫЗЫ
Химияның тіршілік үшін маңызы.Адамзат қоғамы бұдан мыңдаған жылдар бұрын кейбір табиғи шикізаттарды мұқтажына сай өңдеп, қажетіне пайдалана білген. Қазіргі заманда адамның өндіргіштік әрекеттері саласында химияның атқаратын рөлі зор. Химия араласпаған бірде-бір өндіріс, шаруашылық салалары жоқ. Табиғат бізге тек бастапқы шикізатты – ағашты, кенді, мұнайды және т.б.береді. табиғи материалдарды химиялық өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына, өндіріске, тұрмысқа қажетті тыңайтқыштарды, металдарды, пластмассаларды, бояуларды, дәрілік заттарды, сабынды, соданы және т.б. аса маңызды әр түрлі заттарды алады. Осы процестерді іске асыру үшін жалпы заңдылықтарды білу қажет. Бұл білімді де химия береді.
Химияның және химия өнеркәсібінің өркендеуі шаруашылықтың барлық салаларының дамуына, жалпы ғылыми-техникалық прогрестің жеделдеуіне әсер етеді. Химия және оның жетістіктері егеменді еліміздің экономикасы мен мәденитетінің өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Химиясыз ғылыми-техникалық прогресс болуы да мүмкін емес. Машина және аспап жасау сияқты өндіріс салаларына химиялық конструкциялық материалдарқандай қажет болса, қара және түсті металдарды, құймаларды, ағашты, шыныны алмастыратын берік, ыстыққа төзімді, оптикалық мөлдір, электроқшаулағыш, жемірілмейтін, т.б. қасиеттері бар полимерлер сондай қажет.
Қазіргі кезде химияның қолданылу аясы одан әрі кеңейді. Химия ғылымы көптеген маңызыд ғылыми жаңалықтар мен жетістіктердің қуатты өршіткісіне айналды. Физиктер химиялық әдістердің көмегімен радиоактивті элементтерді таза күйінде бөліп алып, өнеркәсіп қызметіне қосты.
Каучуктар, резеңкелер, металдар сияқты материалдардың беріктілігін арттыру үшін радиациялық химия ядролық сәулелендірудің тиімді әдістерін тапты. Мұндай ірі жаңалықтарды шаруашылықтың әр саласынан кездестіруге болады. Сонымен химия қазіргі қоғамдағы неғұрлым көкейтесті және болашағы зор проблемаларды шешуге ат салысуда. Олардың қатарында мыналарды атауға болады: жасанды тыңайтқыштардың тиімділігін арттыру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін молайту; ауыл шаруашылығы дақылдарынсыз тағам өнімдерін синтездеу проблемасын шешу; шикізаттардың мүмкін болатын түрлерін тауып өңдеу; энергияның жаңа көздерін табу; маңызды табиғи химимялық процестердің механизмін анықтап, оны жасанды жағдайға іске асыру; болашақта техникалық міндеттерді шешу үшін қажетті жаңа заттар мен композицияларды синтездеу; қоршаған ортаны қорғау, қалдықсыз өндірісті дамыту, т.т.
Қазіргі қоғамда әрбір адам өзінің химия ғасырында өмір сүріп отырғанын жақсы біледі. Өйткені химия адамды сырт киіммен, аяқкиіммен қамтамасыз етіп қана қоймай, тамақтандырып, әрі емдейді. Олардың баспаналы болып, өмірін көркейтуіне көмектеседі. Адамдар химияның қызметін әр сағат, әр секундта көреді десек, артық айтқандық емес. Үйде отырып телевизор қарау немесе қолды сабынмен жуу, тіпті автоқаламмен жазудан бастап, ғарышқа ұшқанға дейін адам химияның өнімін пайдаланады. Химиясыз жасанды жер серіктері, зымырандар, планетааралық станциялар болмас еді. Сондай-ақ адам жер тұңғиығына үңіліп, теңіз бен мұхит тереңдіктеріне бойлай алмаған болар еді.
Егер осы заманғы химия жетістіктерін жай ғана шолып өтіп, келешекке көз салсақ, онда ұшы-қиырсыз химия әлемін елестету қиын емес.
Химия бүгін адамзатты ағаш орнына пластмассамен, жүн, тері бұйымдары орнына олардың жасанды алмастырғыштарымен, зығыр, кендір, жібек, жүн маталары орнына синтездік талшықтармен қамтамасыз етіп отыр. Ендігі бір мақсат – белок молекулаларының құпияларын ашып, түрлі ауруларды емдеу мен дене кемістіктерін түзету, сондай-ақ адамзатты тамақ өнімдерімен жеткілкті дәрежеде қамтамасыз ету.
Сондықтан ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап дәмді, хош иісті, қоректік қасиеті мол жасанды тағамдар жасау қолға алынды. Әрине, бұл мақсат үшін табиғи белоктарды (өсімдік, жануар, балық, микроорганизмдер) қайта өңдеу процестері пайдаланылады.
Химиктер тағам әзірлеу міндетін биотехнологтармен бірлесе отырып шешеді. Соңғы кезде биотехнологиялық әдістерді пайдаланып, микробиологиялық стнтездер көмегімен тағамдық мақсатқа пайдаланатын өнімдер өндіру ісі дамып келеді.
Біздің ғалымдарымыз биотехнологиялық әдіспен қазіргі күні қара уылдырық, албырт (лосось) еті, сорпалар (тауық, сиыр еті, балық), мармеладтардың әр түрлі сортын, шырындарды алып, көпшілікке ұсынып та үлгерді.
Өсімдік белоктарында алмаспайтын аминқышқылдары жетіспейтіндіктен, міндетті түрде тағам құрамына қосымша түрде аминқышқылдарын қосады. Сондай-ақ құс еттерін әзірлеу үшін табиғи жемдік қоспаға синтездік қосымшалар араластырады. Себебі тамақта өзге құрауыштар мол болған күннің өзінде де жануарлар ашығады, өспей қалады, жеген жемін толық пайдаланбайды.
Тағам өнімдері проблемасын шешудің мынадай екі жолын ұсынуға болады: 1) тағамдық шикізатты өңдеуді практика жүзінде қалдықсыз өндіріс етіп құру: 2) техникалық мақсатқа пайдаланып жүрген азықтық заттарды тағамдық емес басқа заттармен алмастыру. Мысалы, көптеген елдерде ірі қара малдардың 60 пайызы қалдық түрінде керексіз болып қалады. Егер дұрыс назар аударса, ірі қарадан түскен қалдық – қанның құрамында ет белогынан кем емес белок болады екен. Қанды өңдеп бағалы белок алу ісі шешілгенімен, іс жүзінде барлық жерде қолға алынбаған.
Әлі күнге дейін техникалық мақсатқа өсімдік майлары қолданылып жүр. Оны мұнайдан алынатын өнімдермен алмастыру ісі ұзаққа созылып келеді.
Көптеген синтездік жолмен алынған дәрі-дәрмектер адам денсаулығын қорғайды, қалпына келтіреді және жақсартады. Мысалы, сендерге жақсы таныс аспирин, анальгин сияқты анальгетиктер – ауырғанды басып, жүйкені тыныштандырады, бірақ есірткіге жатпайды. Олардың әсер ету механизмі – ауырғандықты білдіретін импульстерді тасымалдайтын жүйке талшықтарының ұшын «бекітіп тастау». Бұл заттардың қабынуға қарсы және ыстықты төмендететін қасиеттері де бар.
Дәрі-дәрмектер синтездеуде біздің ғалымдарымыз зор жетістіктерге жетуде. Мысалы, профессор С.М.Әдікеновтің басшылығымен қатерлі ісікке қарсы қолданылатын «Арглабин», гепатопротекторлық және антиоксиданттық қасиеті бар «Салсоколлин», қабыну процесіне қарсы қолданылатын «Калиор», антисептиктік және фунгицидті қасиеті бар «Цепсеудин» сияқты жаңа дәрілік препараттар синтезделді.
Бүгінде химия шаруашылықтың барлық салаларында ғана емес, күнделікті тұрмысымызда да кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта ғылым мен техника жетістіктері нәтижесінде тұрмыс химиясы зор қарқынмен дамуда. Сондықтан әлемнің басқа елдеріндегідей қолданылу сипатына қарай оларды былайша топтастыруға болады: жуғыш заттар, тазартушы, зарарсыздандырушы заттар, жиһаз бен еденді сүртуге, зиянды жәндіктер мен өсімдіктерді жоюға арналған препараттар (пестицидтер), ағартушы және рең беруші заттар, желімдер, түрлі бояулар мен лактар, т.б.
Күнделікті тіршілікте, тұрмыста қолданылатын химиялық препараттардан, дәрі-дәрмектерден кейде уланып жататын кездер аз емес. Препаратттарды қолдануға сай жазылған ескертулер мен ережелерді олардықолданар алдында міндетті түрде бұлжытпай орындау керек.
Химиялық экология.Химиялық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан бұл күнде адамзаттың алдында химиялық-экологиялық проблемалар туындап отырғаны да сендерге жақсы мәлім. Әсіресе соңғы жүз жылдықта адамның өндіргіштік әрекетінің күрт өсуімен байланысты табиғатқа көп зиян келтірілді. Адам – табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, бұл жағдай адам денсаулығына да зардаптарын тигізіп отыр. Табиғатты ластап, қоршаған ортаның тазалығына зиян тигізіп отырған бірден-бір себепкер кәсіпорындар қатарында целлюлоза-қағаз өнеркәсібі, химия, мұнай химиясы, мұнай өңдеу зауыттарын, автокөліктерді және т.б. атауға болады. Сондай-ақ тұрмыстық химиялық заттарды дұрыс пайдаланбау адам денсаулығына зор зиянын тигізуде.
Біздің қоғамымыздағы басты байлық – адам. Сондықтан елімізде адам денсаулығын қорғауға, қалпына келтіруге арналған шаралар басты назарда ұсталып отырады. Ол үшін өндіріс орындарына түтін газдарын зиянсыздандыратын тазартқыш қондырғылар қойылып, өндірістің санитарлық-гигиеналық талаптары белгіленген. Өндіріс тарапынан болатын зардаптарды 3 топқа бөлуге болады: экономикалық – бұл ластаушы қалдықтардың әсерінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің азаюы; жемірілу әсерінен құрал-жабдықтардың тозуы; әлеуметтік – тұрғындар денсаулығының нашарлауы; емдеуге жұмсалатын қосымша қаржылар мен зақымдалған аймақтардан халықты көшіруге жұмсалатын шығындар; моральдық – өндірістің қолайсыздық тудыратын санитариялық-гигиеналық жағдайларына байланысты маманның тұрақтамауы және т.б.
Адам денсаулығына тек өндіріс қалдықтары ғана емес, автомобильдерден бөлінетін қалдық газдар да зиянын тигізеді. Дүние жүзінде, шамамен, 500 млн-дай автомобиль бар деп есептегенде, атмосфераны ластайтын зиянды қоспалардың 60 пайызы солардың үлесіне тиеді. Ал автомобильдердің түтін газдарында 200-ге жуық зиянды қоспалары болады. Олар: көміртек (II), азот (IV), күкірт (IV) оксидтері, күкіртсутек, көмірсутек, қорғасын қосылыстары және т.б. түтін газдарындағы қорғасын мен сынап қосылыстары қоршаған ортаны ластап, сол арқылы организмге түсіп, жүйке жүйелерін зақымдайды. Иіс газы (СО) қан гемоглобинімен байланысып, органдарға оттектің тасмалдануына кедергі келтірсе, көміртек (IV) оксиді адамға есірткі сияқты әсер етеді. Теріні, кілегей қабықтарын тітіркендіріп, аз мөлшерінің өзі тыныс орталығын қоздырады, көп мөлшері уландырады.
Мұнай өндіретін, өңдейтін және кокс-химиялық кәсіпорындардан ауаға күкіртсутек газы көп бөлінеді. Оның жоғары концентрациясы – жүйке жүйесін зақымдайтын күшті у. Онымен тыныс алғанда, адамның дем алысы бәсеңдеп, жүрегі тоқтауы мүмкін. Өйткені күкіртсутек тыныс алуға қатысатын ферменттерді әрекетсіздендіріп, көз бен тыныс алу жолдарының кілегей қабықшаларын тітіркендіреді.
Қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға арналған шараларға барлық қоғам мүшелері бірдей қатысуы тиіс.
Өз заманында ұлы химик Д.И.Менделеев: «Химияда қалдық жоқ, тек пайдаға аспаған шикізат бар», — деп, көрегендікпен қалдықсыз өндіріс құру қажеттілігін мегзеген еді. Осы күнгі ғалымдарымыз бен өнертапқыштарымыз өндіріс қалдықтарынан басқа заттар өндіруге арналған тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіруде.
Химиялық экология проблемалары адамзат іс-әрекетінің нәтижесінде ұзақ уақыт бойы біртіндеп жинақталып, пайда болған тіршіліктің жағымсыз көрінісі. Өз шығармасында ұлы француз жазушысы В.Гюго: «Кімге қауіп төніп тұр? Сіздерге. Сіздер алдарыңыздағы таразыны көрмейсіздер ме? Оның бір жағында Сіздердің мүмкіндіктеріңіз, ал екінші жағында сіздердің жауапкершіліктеріңіз тұрған жоқ па?» — деген еді. Сондықтан табиғат байлығын ысырапсыз пайдаланып, адамның әл-ауқатын арттыру үшін қазіргі қоғамда барлық мүмкіншіліктер қолданылуда.
Химиялық заттардың адам денсаулығына әсері. Адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, зор зиян келтіретін заттардың бір тобы: никотин, есірткі және алкогольдік ішімдіктер. Олардың барлығы да органикалық заттар. Нашақорлықпен, маскүнемдікпен және темекі тартумен күресте олардың молекулаларының организмге тигізетін қауіп-қатерінің механизмін білудің маңызы зор (28-сызбанұсқа). Бұл үш зат организмге түскенде, алдымен жүйке клеткаларын, қан мен ми, өкпе тіндерін зақымдайды. Физиологиялық әсерлері өте күшті. Есірткінің барлығы да медицинада қолданылады, бірақ артық мөлшері оргаизмге күшті уландырғыш зат ретінде әсер етеді. Организм оларға тез бейімделеді. Сондықтан емдеу практикасында соңғы кезде кокаинді анестезиялық зат ретінде қолдануды тоқтатты.
Гигиеналық және косметикалық химиялық заттар.«Гигиена» сөзі грек тілінен аударғанда «денсаулықты нығайтатын» немесе «емдік», ал «косметика» — «өзіңді әдемілейтін өнер» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде бұл екі саланың атқаратын қызметі бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені көпшілік космтикалық заттар гигиеналық тұрғыдан қажеттілік болып табылады. Оларға жуғыш заттар (сусабын, лосьон, крем, сабын, сірнелер, т.б.), сондай-ақ тісті күтуге арналған заттар жатады. Қазіргі кезде шығарылатын косметикалық заттардың түрі өте көп. Олардың барлығын бір тақырыпта сипаттау мүмкін емес. Біз тек күнделікті тіршілікте жиірек қолданылатын түрлеріне ғана тоқталмақпыз.
Шаш күтуге арналған заттар. Шаш күтуге арналған сусабындар – жоғары май қышқылдарының калий тұздарынан, хош иіс беретін және түрлі түс беретін қоспалардан, зарарсыздандырғыштардан, толықтырғыштардан, т.б. заттардан даярланады. Олардың құрамы шаштың құрғақ, қалыпты немесе майлы болуына қарай әр түрлі әзірленеді. Шашты жууға сусабындарды пайдалану арқылы шаштың қалыпты өсуіне және қайызғақты болдырмауға мүмкіндік туады. Шашты күту үшін осы күні шаштың өзіне немесе шаш түбіне қорек беретін бальзамдар, кремдер, сондай-ақ әр түрлі сірнелер де көптеген пайдаланылады.
Тісті күтуге арналған заттар. Тісті күтуге арналған маңызды заттарға тіс пасталары жатады. Тіс пасталарының құрамы: өң ашатын (абразивтік), байланыстырғыш, көбік түзетін және қоюландырғыш заттар сияқты компоненттерден тұрады. Бұлардың алғашқысы тіске қонған тамақ қалдықтарынан тазартып жалтыратады. Өң ашатын зат ретінде көбіне химиялық тұндырылған кальций карбонаты CaCO3, кальций фосфаттары CaHPO4, Ca3(PO4)2, Ca2P2O7 және полимерлік натрий метафосфаты (NaPO3)n қолданылады. Өң ашатын заттардың ұнтақ қоспаларын тұрақты пастаға айналдыру үшін байланыстырғыш заттар қолданылады. Оларды теңіз балдырларынан бөліп алады, ал жасанды заттардан целлюлоза туындыларын пайдаланады. Жұмсақ ыдыстарға (тюбик) арналған қою массаға айналдыру үшін оларға глицерин, сорбит, т.б. қоюландырғыштар қосады. Олар ұзақ сақтағанда пастаны кеуіп кетуден қорғап, қатаю температурасын жоғарылатады және дәмдік сапаларын жақсартады. Пасталар құрамындағы өсімдік тектес компоненттерін микробтардың бүлдіруінен қорғау үшін зарарсыздандырғыштар қосады. Ал көбік түзгіш ретінде сендерге белгілі беттік белсенді заттарды қосады.
Тісті тісжегі ауруынан қорғау үшін тек тазалау ғана жеткіліксіз. Екінші жағынан тістің минералдық ұлпаларын нығайту қажет. ол үшін тіс пасталарына фтор қосылыстарынан: натрий фториді NaF, аралас тұзын NaF ·NaPO3, қалайы (II) фторидін SnF2 қосады. Қосылыстардағы F¯ иондары ерімтал фосфаттарды қышқылда аз еритін фторапатитке айналдырады, сондай-ақ алмасу реакциясы нәтижесінде пастада кальций фториді CaF2 түзілуі мүмкін. Ол эмальға адсорбцияланып, оны қышқылдардың зиянды әсерінен қорғайды. Фторид қосылыстар ауыз қуысында органикалық қышқылдар түзілуін жылдамдататын бактериялар әрекетін де баяулатады. Қазіргі кезде тіс пасталары құрамына фертменттер мен антибиотиктерді де қосатын болды.
Пасталарға жағымды иіс пен дәм беру үшін әр түрлі дәмдік және иіс беруші компоненттер: ментол, жалбыз бен қалампыр қосқан майлар, эвкалиптол, т.б. қолданылады. Ал тәтті дәм беру үшін сахарин (имид о-сульфобензой қышқылы) және оның туындылары пайдаланылады.
Кейінгі кезде абразивтік қоспаларсыз, түссз, мөлдір, сірне тәрізді тазалағыш заттар пайда болды. Олардың құрамында сірне түзуші зат – кремний оксиді SiO2 және әр түрлі түске жеңіл боялатын полимерлік материалдар болады. Бұлар сырт түрі әдемі болғанымен, абразивті пасталарға қарағанда тазалағыштық қасиеттері төмен болады.
Дездоранттар немесе жағымсыз иісті болдырмайтын заттар. Олар тердің жағымсыз иісін жояды. Дездоранттарды екіге бөледі: бірі – термен бірге бөлінген метаболизм өнімдерінің айырылуын тежейді немесе тотығуын болдырмайды. Ал екіншісі – тердің бөлінуін азайтады. Осындай қасиеті бар заттарға алюминий, мырыш, цирконий, хром, темір тұздарын, сондай-ақ формальдегид пен этил спиртін жатқызады. Олар тердің құрамындағы заттармен әрекеттесіп, тер бездерінің түтікшелерін бекітетін,с өйтіп тердің бөлінуін азайтатын, ерімейтін қосылыстар түзеді. Екеуінің құрамында да хош иісті заттар болады. Дездоранттарды қатты түрде, айналмалы шарик түрінде және аэрозольді орамада шығарады.
Химия саласы – қазіргі ғылым мен пргресс жолындағы молшылықтың қайнар көзі.
Шаруашылықтың көптеген салаларында: ауыл шаруашылығында, мәдениет пен тұрмыста, денсаулық сақтау ісінде химия ғылымының жетістіктері кеңінен пайдаланылады. Химия барған сайын адамдардың өміріне кең ауқымда араласуда.
ХИМИЯНЫ ДАМЫТУДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҮЛЕСТЕРІ
Елімізде химия өнеркәсібі 1932 жылдан дами бастады деп айтуға болады. Ақтөбеде, содан соң басқа облыстарда химия өндіріс орындары салына бастады. Қазақстан қазір жаңадан құрылған қуатты химия өнеркәсібі бар іргелі елге айналды.
Қазақстанда ең алғаш Химия ғылымдары институты 1945 жылы ашылды. Оның директоры Қазақстанда химия ғылымынан білім берудің негізін қалаған атақты химик – ғалым, академик Ә.Б.Бектұров. Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық ғалымдар түсті және қара металдар кендерін өндіру және өңдеу, отқа төзімді материалдар мен құрылыс материалдарын өндіру сияқты өзекті проблемаларды зерттеді. Республикамыздың табиғат ресурстарын өндіру және пайдалану жөніндегі көптеген практикалық ұсыныстар жасалды.
Қазақстанда шикізат қорының молдығы химиялық кәсіпорындарды, зауыттарды кеңейтуге, жаңа өндіріс орындарын ұйымдастыруға мүмкіншілік берді.
Қазақстанның химия өнеркәсібіне сай ғылымы мен білімі де дамып келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институттары: Алматы химия ғылымдары институты, Органикалық катализ және электрохимия институты, Қарағанды химия-металлургия институты, Атырау мұнай-технология институттары осы заманғы теориялық және практикалық мәселелермен айеалысуда.
ХХ ғасырдың екінші жартысында елімізде химияның теориялық және практикалық маңызы зор салалары дамытылды. Мысалы, қышқылдар мен негіздер теориясы (М.И.Усанович); амальгамалық химияның теориясы мен практикасы (М.Т.Козловский); катализдік әсерді алдын ала болжаудың теориялық негіздері (Д.В.Сокольский); концентрлі тыңайтқыштар алудың негіздері (Ә.Б.Бектұров); поликонденсациялау прцестерінің химиясы (Б.А.Жұбанов); амперометриялық титрлеудің теориясы мен практикасы (О.Н.Сонгина); сирек және түсті металдар өндірудің физикалық-химиялық негіздері (Е.А.Букетов); гетероциклді жаңа қосылыстар синтездеу және олардың физиологиялық белсенділіктерінің химиялық құрылысқа тәуелділігін (Е.Н.Әзірбаев, Д.В.Соколов, А.Ш.Шәріпқанов) және табиғи өсімдіктер химиясын (М.И.Горяев, Т.Қ.Шомбалов) зерттеу негіздері; континеттік тұз түзілудің физикалық-химиялық негіздері (Б.А.Бірімжанов) қаланды және әрі қарай жетілдіріліп келеді.
Елімізде органикалық химия саласындағы зерттеулер 1938 жылдан бастап дамыды. Қазақстанда ТМД көлеміндегі тұңғыш рет поликонденсация реакциясынзерттеп, талшық түзетін полиамидтерді академик С.Р.Рафиков (1940 жылы) синтездеді. Оның ұсынысы бойынша Қазақстанда мұнай өнімдерінің ауыр қалдықтарын зерттеу (1960-1966ж.ж.) және оларды жоғары молекулалы қосылыстарға айналдыру, органикалық қосылыстарды тотықтыру жұмыстары жүргізілді.
Көрнекті ғалым, академик Д.В.Сокольский Қазақстанда каталитиктердің ғылыми мектебін құрып, органикалық қосылыстардың гидро- және дегидрогендеу проблемаларымен айналысты.
Қазақстанда жоғары молекулалы қосылыстар химиясын өркендету және полимер туралы білімді оқыту іс-шараларына ең алғаш бастама берген ірі химик-ғалым Б.А.Бірімжанов болды.
Полимерлер химиясының дамуына өзіндік үлесін қосқан ғалымдар қатарына С.Р.Рафиков, Б.А.Жүбанов, Е.Е.Ерғожин, Е.М.Шайхутдинов және т.б. атауға болады.
Е.Ерғожин көп қолданылатын ион алмастырғыш мембраналар, полимерлі комплексондар, суда еритін полиэлектролиттер, физиологиялық белсенді полимерлер, аниониттер, катиониттер, полиамфолиттер, топырақ сортаңдануын тежейтін химиялық мелиоранттарды алды; тұзды суды тұшытатын электродиализдік қондырғы жасап, оны өндіріске тұңғыш рет енгізді. Осы еңбегі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алды (1982ж.). Е.Е.Ерғожин бүкіл әлемге танымал, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы мен ион алмасу саласында жемісті еңбек ететін Қазақстан химиктер мектебін құрды.
Е.Н.Әзербаев шәкірттерімен бірге медицинада ісікке қарсықолданылатын «Глиофен», өсімдіктердің өсуін тездететін «Акпинол», «Фоспинол» препараттарын синтездеді.
Қазақстандық ғалымдар түрлі өндірістік бұйымдар жасауға ыңғайлы, механикалық беріктігі жоғары, тамаша техникалық қасиеттерге ие жоғары молекулалы қосылыстарды, макромолекулалық жүйелерді зерттеуде де зор жетістіктерге жетті. Мысалы, акдемик Б.А.Жұбановтың жетекшілігімен туберкулез ауруына қарсы препараттар (изониазид, этионамид, рифампицин, флоримицин, т.б.), сондай-ақ әсер ету мерзімі ұзақ, жергілікті жансыздандыруға қолданылатын (анестетик)қабыршақтар синтезделді.
А.Шәріпқанов шәкірттерімен бірге биологиялық белсенді заттардың стереохимиясының теориялық негіздерін дамыта отырып, зерттеулерінің практикада қолданлуы үшін көп еңбек етті. Синтездеп алынған қосылыстардың ішінде медициналық дәрілік заттар ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің өнімділігін арттыратын биологиялық белсенді заттар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын фунгицидтердің бірнеше тобы бар. Солардың қатарында сынақтан ойдағыдай өткен «Риклокаин» деп аталатын дәрі бар. «Риклокаин» дәрісі тиімділігі жоғары анестезиялық зат ретінде медицинада қолдануға ұсынылды.
Б.В.Суворов – тотықтырғыш аммонолиз реакциясын ашып, соның негізінде нитрилдерді және алифатикалық, ароматты амидтер мен гетроатомды сақиналы пиридин, карбон қышқылдарын синтездеу әдістерін ашты. Тотығу процестеріне тиімді катализаторлар ойлап тауып, гетероциклді қосылыстар химиясы саласында маңызды зерттеулер жасады.
Т.Қ.Шомбалов және М.И.Горяев Қазақстанда табиғи өсімдіктер химиясының негізін салды және осы саладағы зерттеу жұмыстарын ғылыми мектебін құрды. Солардың қатарында Р.А.Музычкина, Г.Ш.Бурашева, Ж.Ә.Әбілов, Д.ю.Корулькинді атуға болады. Р.А.Музычкина Тянь-Шань қымыздығы тамырынан бөліп алған дәрілік препараттардың (Қазақстанда және Ресейде патенттелген) емдік қасиеттері шетелдік препараттардан әлде қайда жоғары екендігі клиникалық сынаулар кезінде анықталған. Ал Г.Ш.Бурашева мен Ж.Ә.Әбілов түйе жантағынан Алхидин (Қазақстанда патенттелген) негізінде қабынуға, ісікке, күікке қарсы қолданылатын дәрілік препараттар синтездеп, өндіріске енгізген. Соның ішінде «Жантақ» шырынының емдік қасиеті «Қызыл майдан» да артық екені дәлелденген.
Қазіргі кезде Қазақстанда химиктердің қатары жыл сайын артып келеді. Олар тәуелсіз еліміздің өркендеуі үшін адамзаттың алдында тұрған келелі міндеттерді шешуге өзіндік үлестерін қосуда. Олардың қатарында З.М.Молдахметов, Қ.Ж.Пірәлиев, С.М.Әбдікенов, А.М.Ғазалиев, Қ.Б.Ержанов, Г.Д.Закумбаев, З.С.Нүркеева және т.б. көптеген ғалымдарды атауға болады.
Өскелең ұрпақтың ендігі міндеті – егеменді елімізді дамытуға, химия ғылымының деңгейін арттыруға бар күш-жігерлерін жұмсап, алдыңғы буын ағалар ісін жалғастыру болып табылады.
28-сызбанұсқа
Темекі түтінінің организмге тигізетін зардаптары
Жүйке-психикалық аурулар |
Жүйке-жүрек аурулары |
Көгерткіш қышқыл |
Бүкіл организмнің улануы
|
Қан аурулары |
Мышьяк |
Бүкіл организмнің улануы |
Жүрек аурулары |