Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Казахстан, Костанайская область, Аулиекольский район, п. Кушмурун
ГУ «Вечерняя (сменная) средняя общеобразовательная школа»
Учитель казахского языка и литературы
Назбиева Кульбаршин Ахметкалиевна
(Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-саз кеші).
Мақсаты:
Білімділік-оқушыларды қазақтың біртуар тұлғасының бірі-Мұқағали Мақатаевтың бай шығармашылық дүниесімен таныстыра отырып,ақиық ақынды шексіз сүюге баулу,жас буынды поэзия нәрімен сусындату, ақынның өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту;
Дамытушылық-оқушыларды өздігінен іздену арқылы деректермен жұмыс істеуге баулу және қазақша сөйлеуге тілін дамыту;
Тәрбиелік-Отанды,туған жерді сүюге ,ақын жырларын үлгі алуға,оқушылар-ды поэзияны сүйе отырып,сұлулық пен махаббатты тануға,адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін өз бойларына сіңіре білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі:кітап көрмесі ,автордың портреті,сахналық жабдықтар
Эпиграф: «Мұқағалидай ақыны бар халық-бақытты халық »
Фариза Оңғарсынова
1-жүргізуші:-Армысыздар, бүгінгі кешке жиылған жыр сүйер асыл жандар!
Өлеңдерім жай болып атылғанда,
Атылғанда,аспаннан оқылғанда.
Мылқауларға тіл бітіп,керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға- деп жырлап кеткен
Мұқағали Мақатаевтың данышпандық сөз болжамы, міне бүгінде орындал-ғандай.Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
«Сарыжайлау » әні.
2-жүргізуші:-Қазақ ақындарының әрқайсысы шын мәніндегі дарын,қайта-ланбас шығармашылық тұлға ретінде дара.Сондай жеке дарындылардың бірі,Мұзарт таудың мұзбалағы –Мұқағали Мақатаев.Мұқағали біздің дәуі-ріміздің 60-70 жылдарындағы қазақ поэзиясының шоқтығын биік көтерген дарын иесі.
Осындай қайталанбас дарын иесі 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданының қасиетті Қарасаз ауылында туған.
1-жүргізуші:-Мұқағалидың өмірін толық білу үшін «Менің анкетам» өлеңін тындасақ.
Туған жерің?
Ұланымын,Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Туған жылың?
1931.Құрдасымын Шәмілдің.
Шыққан тегің?
Шаруамын.Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
Білімің ше?
Орташа ғой.Алайда өзім жоғарыға балаймын.
Ана тілің ше?
Қазақша қысылғанда орысша,немісше де тағы бар.
Міндеттісің бе әскерге?
Міндеттімін.Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой
Жанын қиған Мәскеуге.
Мекен-жайың?
Мекен-жайым- жер менің,
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам,қағаз,уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!
2-жүргізуші.Мұқағалидың дүниеге келген жері Қарасаз бен зеңгір көк тіреген көгілдір шыңдары,бота көзіндей мөлдіреген ,жалбызды жағасына күміс шашқан тұма суының сыңғыры бала Мұқағалидың ойын әлдилеп ,қиялына қанат бітіргендей.Қазақ ақындарының ішінде туған жерін жыр қылып айтпаған ақын жоқ шығар.Мұқағали да өзінің туған жері Қарасаз жайлы өлең жазды.
Мен туған жер-Қарасаз баурайдағы,
Жалғанда жер біткеннің балқаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы.
Іркес-тіркес ағады қара сулар
Қарасаң,суларда да таласу бар.
Бақытым ғой Қарсаз келіп қонған,
Кисем-киім,ішсем-ас,көлік болған.
Мендей ұлдың осы жер мыңын тауып,
Әлі күнге мыңына жерік болған.
Ән. «Туған жер».
1-жүргізші:-Мұқағали поэзиясы таңғы шықтай мөлдір поэзия.
«Поэзия Менімен егіз бе едің!» өлеңі.
Поэзия!Менімен егіз бе едің!
Сен мені сезесің бе,неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан тауларлан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан.
Бұлақтардан,бақтардан ,алаңдардан.
Шырақтардан,оттардан,жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан ,қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім,жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл –жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім,сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
2-жүргізуші:-Бүгінде Мұқағалидың 13 кітабы бойынша 1834 өлең,19 поэмасы бар екені анықталып отыр.Мұқағалидың 35 мың жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды.Ақын өлеңдерінің 100-ден астамына әндер жазылды.
«Сәби болғым келеді» әні.
1-жүргізуші:-Табиғат лирикасы-ақынның ішкі жан дүниесі,оның әр түрлі табиғат құбылыстарын сезінуі,бейнелеп суреттеуі арқылы танылатын өлең –жырлары.Адамзат қашанда табиғатпен жақын.Сондықтан ақындар табиғатқа арнап өлеңдер жазып отырған.Адамзат болғалы келе жатқан заңғар таулар,шалқыған көлдер,сұлуша бұратылған өзеңдер қай заманда да ақын назарынан тыс қалмаған.Сол сияқты Мұқағали да табиғатқа қатысты: «Тауда өстім », «Жігіттер ,демалайық тауға барып » өлеңдер жазған.
«Мен -таулықпын» өлеңі.
Тау дейтін алып жүрек Ана туған
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылған.
Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан.
Тау ұлымын,
Асқар шыңдар желпиді бесігімді
Бір орамы ағытып сәлденесің…
Ән « Күрең күз»
2-жүргізуші:-Сыйластықтың биік тұғыры-достық.Оны қадірлей ,құрметтей білу-парыз.Мұқағали бейбітшілікті,достықты өте қастерлеп,төбесіне көтере жырлайды.Ақынның қайсібір өлеңдер жинағын алып оқысақ та,достыққа байланысты жыр жолдары молынан ұшырайды.
Дос болам десең,
Досымды сыйла,қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын
Достарың көп пе?
Апырау,неткен жақсы едің!
Досым аз менің
Досым-ау менің,тапшы емін!
Достарың менен достастыр мені,асылым,
Достастыр мені!
Болайын құлың нақ сенің!
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме өзім мін артып…
Жауыздың барып жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып ауласында өлген мың артық.
1-жүргізуші:-Ақын жалындап өткен 45 жыл ғұмырында алдындағы арманда өткен Ахмет,Мағжан ,Ілияс,Мұхтар,Қасым секілді қазақ тілі үшін күресіп, қара топырақ қойнына кіргенше ана тілі үшін айқасып қазақ тілінің қайтадан алып жұлдыз-Алтын Күнге айналуына өз үлесін қосқан ақын Халқы мен Отанынан кем санамай ,осы өмірдегі бірегей үш Бақытының біріне балайды.
М.Мақатаев бақытты былай жырлаған.
« Үш бақытым» өлеңін жатқа оку.
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?! )
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға !!!
1-жүргізуші:-Мұқағали өлеңдері маржандай тізбектеліп ғұмырлық азық болатындай таусылмас қазынаға айналғандай,ал өз төркіні түзеліп ,қаламы ұшталып,боранды бекеттей болған поэмалары қаншама «Большевиктер»,
«Мавр», «Ильич», «Чили-шуағым менің», «Алтай-Атырау», «Моцарт», «Бала шақтан-болашаққа», «Райымбек!Райымбек!» әсіресе, әлемге аңыз болған «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының орны ерекше. Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы 1973 жылы жарық көрді. Поэманың мазмұны былайша баяндалады:
Бір үйдің жалғыз перзенті дертке ұшырайды. Оған тәуіп «Аққудың қанатымен аластаңдар » дейді. Аққу-өте киелі құс. Махаббаттың,пәктіктің белгісі болып есептеледі. Оны атуға болмайды. Ал ана байғұс жалғызы үшін киелі құсқа оқ атып, қарғысқа ұшырайды. Олай болса, поэмадан көрініс тамашалайык. ( Поэманың сахналық қойылымы)
Мұқағали-махаббат жыршысы. Мұқағалидың махаббат тақырыбына молынан қалам тартқаны белгілі.Ол ғашықтықты асқақтата, қиялдата жырлайды.
« Махаббат диалогы» өлеңі.
— Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
— Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
— Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
— Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
— Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
— Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
1-жүргізуші:-ХХ ғасыр аяқталар тұста Мұқағали Қазақстан Жазушылар Одағының шешімімен « ғасыр ақыны » атанды. ХХІ ғасыр табалдырығын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері болып аттады.
«Армысындар, адамдар», өлеңі.
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам?
Арма, өмір, бар әлемді баурына алып шайқаған!
Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қарандар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату – тәтті бармысындар, армысындар, Адамдар!
Әлем – дарқан, саяландар, бәріне де орын бар,
Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғындар.
Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болындар!
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…..
Арымысың, сен, арамызда жалғыз перзент – Тыныштық!
«Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың » -деген ғой ұлылар. Мұқағали ақын болумен қатар азамат бола білді.Туған елге, туған жерге, халқына ,тіліне , Отанына деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы болды.
«Есіңе мені алғайсың » әні.