Ваша заявка принята

В течении 3-12 часов на указанный емаил мы отправим реквизиты для оплаты.
Ожидайте, мы обязательно с вами свяжемся!

ЖАЛПЫ СӨЙЛЕУ ТІЛІ ДАМЫМАҒАН І ДЕҢГЕЙДЕГІ БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Казахстан, Павлодарская область, Актогайский район, с. Актогай

КГУ «Областной кабинет психолого-педагогической коррекции»

Учитель-логопед

Садвакасова Жанна Болатовна

Жаңа қоғамның ертеңгі болашағы оқыту мен тәрбиелеу бесіктен, баланың нәрестелік шағынан басталады, үздіксіз ұдайы даму барысында қалыптасады. Бұл білім беру жүйесінің барлық буындарына үлкен міндеттер жүктейді.Сол себепті дамында түрлі ауытқуы бар, ерекше білім беруді қажет ететін мүмкіншіліктері шектеулі ерекше буынға білім берудің жаңашыл тәсілдерін сөз еткелі отырмыз. Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші рөл атқарады, сондай-ақ оны әрі қарай айқындай түседі. Сондықтан да егеменді еліміздің білім беру жүйесінде  әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр-түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып терең білімді, оқу барысында танымдық әрекеттерді бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын  жеке тұлғаны қалыптастыру ісіне ерекше мән берілуде. Бұл ретте мектеп жасына дейінгі балалардың оқу танымдық әрекетін қалыптастырудың білім, біліктерін жетілдірудің әлеуметтік мәні зор.

Дамуында ауытқуы бар және психикалық дамуы қалыпты балаларды интеграциялау арқылы білім беру мәселесі-ең өзекті және қажетті проблема болып отыр.

Мектеп жасына дейінгі балаларда сөйлеу тілінің түрлі кемістіктері кездеседі. Олардың ішінде жиі кездесетіні және күрделісінің бірі – ол сөйлеу тілінің жалпы дамымауы. Логопедияда сөйлеу тілінің жалпы дамымауы — есту қабілеті мен ой – өрісі қалыпты дамыған балалардың дыбыстық және мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілінің барлық компоненттерінің жүйесінің қалыптасуының бұзылуынан болатын күрделі тіл кемістігі деп қарастырады.

Слайдтың төменгі жағында көріп отырғандарыңыздай СТЖД  алалия, афазия, ринолалия, диартрия сияқты күрделі сөйлеу патологияларының түрлерінде байқалуы мүмкін.

Сөйлеу тілі жалпы дамымаған балалардың барлығына тән кемшіліктер:

-Сөйлеу тілінің кеш дамуы;

-Сөз түсінігінің шектелуі;

-Сөз қорының, сөйлеу тілінің грамматикалық жағының артта қалуы;

-Дыбыстарды бұзып айту кемшіліктері;

-Фонематикалық есту қабілетінің дамымауы.

Қазіргі кезеңде бұндай балалардың саны күннен-күнге көбеюде. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауын түзетіп, оны алдын-алу шаралары уақытында  жүргізілмесе, балалардың мектепте оқуы қиынға түседі. Оның салдарынан бала қоршаған адамдармен қарым-қатынасқа түсуі де күрделенеді.

Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы СТЖД балалармен түзету жұмысын жүргізу мәселелерін Р.Е. Левина, Г.В. Чиркина, Л.Ф. Спирова, В.К. Воробьева, О.Е.Грибова, Г.И.Жаренкова (Ресей), А.И.Семенова, М.А. Савгенко, Е.Н.Соботович (Украина), Л.Р. Муминова (Өзбекстан), М.С. Грушевская (Қазақстан) қарастырып зерттеген. Кейінгі кезде қазақ тілді ЖСТД балалардың сөйлеу тілінің ерекшеліктерін, түзету жолдарының кейбір аспектілері Қ.Қ.Өмірбекованың, Г.Б. Ибатованың, Г.Н.Тулебиеваның жұмыстарында қарастырылып келеді, бірақ осы уақытқа дейін қазақ тілді балаларды түзету-оқыту мәселесі ғылыми негізде жүйеленіп қарастырылмаған.

Сөйлеу тілінің дамымауы әртүрлі деңгейде кездеседі. Алғашында Р.Е.Левина жалпы сөйлеу тілі дамымауын үш деңгейге бөлді. Кейіннен Т.Б.Филичева 4-ші деңгейді сипаттап қосады.

Сөйлеу тілінің жалпы дамымауының бірінші деңгейінде тілдің мүлде қалыптаспауы байқалады. Оларды мылқау балалар дейді. Бұл деңгейдегі балалардың кісімен тілдескенде анық байқалатын тіл кемістіктері мынандай болып келеді: былдырлап сөйлейді, жеке дыбыстарға еліктейді, жекелеген зат есім сөздер мен күнделікті тұрмыста айтылып жүрген етістік сөздерді пайдаланады, сөйлемді былдырлап мүлде түсініксіз етіп үзіп-үзіп айтады, сөйлемде дыбыстар анық айтылмайды, әрі тұрақсыз, құбылмалы келеді. Олар айтайын деген ойын қолдарын ербеңдету арқылы ым-ишара қолданып, ымдап түсіндіруге тырысады.

Сөздік қоры шамадан тыс шектелген балалар заттардың және қимыл әрекеттердің сыртқы түрлеріне немесе олардан шығатын дыбыстардың ұқсастығына қарай өздерінің былдырлаған тілімен барлығына бір сөзбен ат қойып алып, түсіндіреді. Мысалы: «дөдөт»-машина, машинамен кетті, кетіпті және т.б. Сонымен бірге қимыс-іс әрекеттерді білдіретін сөздерді заттың атымен орнын алмастыра беретін жағдайларда байқалады. Мысалы: «адас»-қарындаш, жазу, сурет салу; «тәй»- шай, тамақ ішу.

СТЖД балалардың мектеп бағдарламасын меңгеріп оқып кетуі көп жағдайда олардың мектепке дейінгі арнайы мекемелердегі жүргізілген логопедиялық жұмыстың сапасына байланысты болады.  Ондай балалармен нәтижелі жұмыс жұргізу үшін логопед сөйлеу тілі дамымауының себептерін, логопедиялық топтарда жүргізілетін жұмысының заманауи әдістері туралы түсініктері мол болуы керек. Қазіргі кезеңде дамуында ауытқуы бар балаларға арналған оқу қазақ тілінде жүргізілетін арнайы мекемелердің саны көбеюіне қарамастан оқу үрдісіне қажет оқу-әдістемелік құралдардың жоқтың қасы.

Сол себепті, баланың жетілмеген сөйлеу тілін дамытуға бағытталған логопедиялық жұмысты ұтымды ету мақсатымен, бүгін, сіздермен, жалпы сөйлеу тілі дамымаған  І-деңгейдегі мектеп жасына дейінгі балалармен қолданатын  тәжірибелік материалдармен бөліскім келеді.

Балалармен жұмыста қолданылатын мәтіндер үлгісі.

Балалардың сөйлеу тілін түсінуін дамытуға арналған әдістемелер.

«Көңілді балақай»

Мақсаты: сөйлеу тілін түсінуге үйрету, көру зейінін, есте сақтауын дамыту.

Құрал-жабдықтар: сиқырлы қоржын, жануар-ойыншықтар және суреттер (мысық, ит, қой, ешкі, жылқы), отбасының анық, үлкен суреттері.

Сипаттамасы: Сиқырлы қоржын ұстаған балақай кіреді. Логопед мысық, ит, қой, ешкі, жылқыны табудыұсынады. Бала аталған ойыншықтарды қоржыннан сипап-сезу арқылы табады.

Барлық жануарларды үстел үстіне тізіп қойып, логопед аталған ойыншықтардың көзі, тұмсығын көрсетуді өтінеді.

Отбасы мүшелерінің фотосуреттерін қарап, әкесі, анасы, ата-апасының көзін, мұрнын, кейіннен өзінің бас бөлшектерін көрсету ұсынылады.

Логопед баланың назарын біртіндеп аңдар мен құстардың да, адамдікі сияқты дене мүшелері, олардың бөлшектері бар екеніне аударады (басы-тұмсығы, қолы-аяғы, қанаттары, ауызы-тұмсығы, шашы-жүні), жазықтықтағы бейнені шынайымен сәйкестеуге үйретеді.

«Қажет затты ата»

Мақсаты: заттармен жасалатын әрекеттерді түсінуін дамыту, себепті-салды байланыстарды белгілеуге үйрету.

Құрал-жабдықтар: еңбек құралдары немесе суреттері (пышақ, қайшы, қылқалам, бояулар, балта, ара; қолшатыр, шана, шаңғы, сабын, су, орамал)

Сипаттамасы: Үстел үстінде еңбек құралдары жатыр.

  • Логопед әрекеттерді атайды, ал бала сол әрекетке сай затты алады:

кесу үшін – пышақ, қайшы;

бояу үшін – қылқалам, бояулар;

отынды шабу үшін – балта;

ағашты аралау үшін – ара.

«Ойыншықтарға (аңдарға) өз төлін табуға көмектес»

Мақсаты: Заттық суреттермен белгілі кезектілікте әрекеттер орындауға үйрету; тапсырмадағы сөздердің мағынасын түсінуін бекіту, ойыншықтар атауларын бекіту.

Құрал-жабдықтар: суреттер (көжек пен қоян, бөлтірік пен қасқыр, қонжық пен аю).

Сипаттамасы: Педагог екі сатылы нұсқау береді (Қасқырды көрсет, оның суреті мен төлінің суретін қарындашпен қос), ал бала оны (қарындашпен) орындайды.

Сөйлеу тілін түсіну деңгейіне байланысты тапсырма нұсқалар бойынша ұсынылады:

  1. Көжек қоянның төлі.
  2. Қоян көжектің енесі.
  3. Бөлтірік қасқырдың төлі.
  4. Қасқыр бөлтіріктің енесі.
  5. Қонжық аюдың төлі.
  6. Аю қонжықтың енесі.

Балалардың еліктеу негізінде өзіндік сөйлеуін дамытуға арналған әдістемелер.

«Тыныс аламын, әндетемін».

Мақсаты: Дыбысқа еліктеуін ынталандыру. Ұзақ, біркелкі дем шығаруын дамыту, ерін бұлшықеттерін белсендіру, ойыншықтардың атауын бекіту.

Құрал-жабдықтар: ойыншықтар немесе олардың суреттері: машина, ұшақ, аю, пойыз.

Сипаттамасы: Логопед демді мұрын арқылы алып (демді қалай алу керектігін көрсетеді), демді – ауызбен шығару (демді шығарғанда айтылады)керектігін түсіндіреді. Бала әртүрлі ойыншықтардың әндерін айтады:

Ту-ту-ту- пойыз, би-би-би- машина, у-у-у- ұшақ, бо-бо-бо- аю.

Кейін логопед «Пойыз алыста болса, ол ақырын уілдейді (ақырын уілдеуді көрсетеді). Егер пойыз жақында болса, қатты уілдейді». Әндер қатты және ақырын айтылады.

«Не қалай сөлейді?»

Мақсаты: Еліктеу арқылы дыбыс қосындыларын қайталауға үйрету, ұзақ, бір келкі дем шығаруын дамыту, сөйлеу кезіндегі тыныс алуын дамыту.

Құрал-жабдықтар: Мысық, ит, шошқа, қой, ешкінің заттық суреттері.

Сипаттамасы:Педагог суреттерді бір-бірден көрсетіп, жануарлар қалай сөйлегенін қайталауды ұсынады.

Ауызша нұсқау: Бүгін біз сендермен бірге жануарлардың «сөйлеген сөзін» тыңдаймыз, қайталаймыз.

  • Мысық қалай сөйлейді?(логопед, кейін бала-«мяу» деп әндетеді).
  • Ит қалай сөйлейді? (логопед, кейін бала-«аф» деп әндетеді).
  • Шошқа қалай сөйлейді? (логопед, кейін бала-«хрю» деп әндетеді).
  • Жылқы қалай сөйлейді? (логопед, кейін бала- и-о-о деп әндетеді).
  • Қой қалай сөйлейді? (логопед, кейін бала-«мә» деп әндетеді).
  • Ешкі қалай сөйлейді? (логопед, кейін бала-«м-е-е» деп әндетеді).

Балалардың зейінін, есте сақтауын, логикалық ойлауын дамытуға арналған әдістемелер.

«Не жоқ?»

Мақсаты:көріп есте сақтауын, көру зейінін дамыту.

Құрал-жабдықтар: ойыншықтар.

Сипаттамасы:Үстел үстінде балаға таныс ойыншықтар жайылып жатады. Олардың саны екіден бастап, бірнешеге дейін ойын барысында біртіндеп көбейеді.Ойыншықтардың атауын бала айтады. Кейін бала көзін жұмғанын немесе теріс қарап тұруын сұраймыз. Сол кезде логопед бір ойыншықты жасырып қояды. Көзін ашып бала қай ойыншықтың жоқ екенін айтуы керек. Ойынның күрделенген нұсқасында логопед бір емес екі немесе одан да көп ойыншықты тығып қояды. Баланың әрбір жауабын міндетті түрде мадақтап отырған дұрыс. Ойынға бірнеше бала қатысқан жағдайда әр баланың дұрыс жауабы үшін текше беру керек.

«Қай ойыншық келді?»

Мақсаты: көру зейінін,  көріп есте сақтауын дамыту.

Құрал-жабдықтар: 5-6 ойыншық.

Сипаттамасы: Үстел үстінде балаға таныс 2-4 ойыншық қойып, олардың атауын логопед атайды. Осы ойыншықтарға қарап, бала есінде сақтауы ұсынылады. Бала сол заттарға қарай тұрады, логопед бір ойыншықты қосып қояды. Ойыншықтарға қарап, бала жаңадан пайда болған ойыншықты көрсетіп, атауын атауы керек. Тапсырманың күрделенген нұсқасында логопед бір немесе бірнеше ойыншық қосып қояды.

СТЖД баланың ата-аналарына арналған әдістемелік нұсқаулар.

Ата-ананың  көмегінсіз логопед, басқа да педагогтар түзетушілік, дамытушылық міндеттерді шешуге қол жеткізе алмайды, баланың сөйлеу тіліндегі және жалпы дамуындағы кемшіліктерді түзете алмай, жан-жақты дамытып, қалыптасуына мүмкіндік бере алмайды.

Логопедтің міндеті – ата-ананы өзіне көмекші ретінде тарту;бұл жұмыстың әсерлі бағыт алуына бағытталады. Міндетті түрде ересектерге бала тапсырманы тек көңіл күйі жайдары, қуанышты кезде ғана орындайтынын ескеру керек. Балаға ештеңені мәжбүрлеуге болмайды.

Міндетті түрде ата-аналарға балада қабылдаудың барлық түрлерін дамыту қажет екенін түсіндірген маңызды. Ол үшін шынайы заттарды сипап сезуге, дәмін көруге, иіс иіскеуге рұқсат беріледі. Бала сипап сезу арқылы көкөністердің сыртқы ерекшеліктерін  (қызанақтың тегіс, қиярдың кедір-бұдыр екендігін), татып көру арқылы дәмін (тәтті алма мен қышқыл лимон), есту арқылы дыбыстарды (торғайдың шырылдауы мен тоқылдақтың тоқылдауы), салыстыру арқылы салмағын (шыны стакан мен пластмассадан жасалған стакандардың салмақтарын) және басқа ерекшеліктерін танып біледі. Заттарды салыстыруда антоним сөздерді қолдануға көмектесу керек: тегіс – бұдыр, тәтті – қышқыл, ауыр – жеңіл, аласа – биік, кең – тар.

Ұсынылған тапсырмалар түрлері мен логопедтің кеңестері ата-аналарға балалардың үйде дұрыс дамып, оқуына үлкен көмегін тигізеді.

Қорыта келгенде, сіздерге ұсынған оқу-әдістемелік материалдар СТЖД балалармен түзете-дамыту жұмысын жүргізетін логопед мамандардың кәсіби іс-әрекетін тиімді, сапалы жүргізуге көмегін тигізеді деп сенемін.

Для заказа пишите в WhatsApp

+7 776 987 0729

Либо отправьте заявку с сайта (Просьба не дублировать сообщения, мы отвечаем в течении 1-3 часов)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *